Жоба туралы

«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» негізінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен дайындалды. Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы қызметінің негізгі міндеті – мемлекеттік тілді үйрету, тілді оқыту мен үйретудің ғылыми-әдістемелік негізін құру. Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесіне қатысты біршама оқулықтар мен оқу құралдары, сөздіктер, көптеген мультимедиалық және көмекші құралдар шығып, қазақ тілінің орфографиясына, жалпы дамуына қатысты арнайы сайттарда жариялану үстінде. 

Қазіргі заманғы жаңа ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану, оларды дұрыс қолдана білу білім берудің жаңа электрондық түріне көшуге мүмкіндік береді. «Цифрлық» дәуірдің балаларына арналған, ана тілі – қазақ тілінде сөйлеп жүрген немесе билингва балаларға қазақ тілінің қолдану ерекшелігін көрсетіп, одан әрі дамытуына мүмкіндік беретін платформалар аз. Осы ретте қазіргі технология мен қазақ тілін оқып, дамытуды ұштастыру арқылы білім беруші мен білім алушыға (балаға) тиімді электрондық көмекші құрал жасау мәселесі өзекті.

«balatili.kz» сайты қазақ тілін оқып, дамытқысы келетін үш жастан асқан балаларға, сонымен қатар бала тәрбиесі мен оқытуды жүзеге асырушы тәрбиешілер мен мұғалімдерге, ата- аналарға арналады. Сайт интуитивті іздеу жүйесі мен ыңғайлы навигация жүйесі бар онлайн платформа негізінде жұмыс істейді.




«balatili.kz» сайтында дыбыс пен әріп, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін, тұрақты сөз тіркестеріне қатысты дидактикалық оқу материалдары, сонымен бірге балалардың тілдік, жазу және көокем жазу, оқу дағдыларын қалыптастыру мақсатындағы оқыту материалдары қамтылады.

Оқыту мен ойынның негізінде құрылатын қазақ тілін оқытуға бағытталған кеңістік жеке немесе топпен, білім беру мекемесінде немесе үйде қолдануға болатын  интерактивті мультимедиа мазмұнды құрайды.

Баланың жеке өзіндік жұмыс істеуіне арналған жұмыс парақтары, ұcтаздар мен тәрбиешілерге, ата-аналарға әдістеме парағы ұсынылады.

Лингводидактикалық мақсаттарына сәйкес оқыту материалдары мазмұны мен нысанына байланысты бірнеше топқа топтастырылады. Олар: «Әріп», «Дыбыс», «Сөз», «Сөйлем», «Сөз тіркестері», «Мәтін», «Санамақ», «Шығармашылық жұмыс», «Әдістемелік бұрыш».

Қазақ әріптерінің жазылуынан бастап қазақ тілінің грамматикасы мен орфографиясын меңгеруге қатысты материалдар, соның ішінде интерактивті әліппе, жас ерекшеліктеріне сәйкес аудиодиктанттар, интерактивті ойындар, тапсырмалар, каллиграфиялық дағдыларды дамытуға арналған бастырмалар топтастырылады.

Қазақ тіліне ғана тән ерекше атаулар мен сөз тіркестеріне қатысты семантикалық түсіндірмелері беріледі. Тұрақты сөз тіркестерінің мазмұнына назар аударылып, оларды қолдану ерекшеліктеріне қатысты интерактивті ойындар ұсынылады.

Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқуға арналған көркем мәтіндер, соның ішінде қызықты әңгімелер, тақырыптық өлеңдер, интерактивке негізделіп жасалған жаңылтпаштар, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер топтастырылады.

Сонымен қатар ұсынылатын мәтіннің мазмұнын түсініп, мазмұндауды, мазмұндаманы жазуды, тірек сөздер арқылы әңгіме құрастырып, өз ойын қалыптастыруға көмектесетін арнайы тапсырмалар әзірленеді. 

Балалардың сөздік қорын байыту арқылы қазақ тілінің қазыналы бай тілдік әлеміне жетелеу, оқу дағдысын дамыту, сөздік қорын молайту сияқты дағдыларды қалыптастыру негізгі мақсатты құрайды.

Жалпы лингвистикалық мәселелерге қатысты, балалардың ой-өрісі мен сөз байлығының дамуына, азамат ретінде қалыптасуына, тәрбиеге қатысты арнайы мамандардың мақалалары, ғылыми еңбектері, сонымен қатар балабақша мен бастауыш сыныбының мұғалімдеріне көмекші құралдар, сабақ жоспарлары жарияланып отырады.